Абай облысында 18 адам қар құрсауынан құтқарылды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында қар құрсауында қалған 18 адам құтқарылды.

Жетісу облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған 17 адамды эвакуациялады
Фото: ҚР ТЖМ

Түнгі уақытта Көкпекті ауданында, Көкпекті ауылынан 30 шақырым жерде жабық автожол учаскесінде 6 жүк және 2 жеңіл автокөлік қарға батып, қозғалысын жалғастыра алмай қалған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен барлығы 18 адам құтқарылып, Көкпекті ауылына жеткізілді. Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмаған.

- Анықталғандай, жүргізушілер жол қозғалысына шектеу енгізілгенге дейін аталған жол учаскесіне шығып кеткен, - делінген ақпаратта.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға сапарға шығар алдында автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты нақтылап, жауапты қызметтердің ұсынымдарын қатаң сақтауды ескертеді.

Айта кетейік, Жетісу облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған 17 адамды эвакуациялады.