Абай облысында 46,5 млн теңгенің бөлшектерін ұрлаған күдіктілер ұсталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Биылғы 24 қыркүйек пен 19 қазан аралығында белгісіз адамдар айлакерлікпен зауыттың қабырғасын бұзып, кәсіпорын филиалының суық қоймасына заңсыз кірген.
Олар арнайы техникаларға арналған қосалқы бөлшектерді ұрлап, жалпы құны 46 568 488,41 теңге шығын келтірген.
- Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында күдіктілер анықталды. Олар алдын ала келісіп әрекет еткен үш ер адам болып шықты. Барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әлі де жалғасуда, - делінген Polisia.kz мәліметінде.
Бұған дейін Абай облысында есірткі таратушылардан құны 20 млн теңгеден асатын мефедрон тәркіленген болатын.