Абай облысында әкімдікке жұмысқа тіркеген адамының жалақысын өзі алып отырған есепші сотталды

Абай облысы Бесқарағай ауданында адамды әкімдікке жүргізуші ретінде жұмысқа тіркеп, 8 жыл бойы жалақысын алып отырған есепші сотталды, деп хабарлайды Kazinform.

сот
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Бесқарағай ауданы прокуратурасы жүргізген талдау барысында 2015-2023 жылдар аралығында адамды аудандық жер қатынастары бөлімінің жүргізушісі ретінде жалған жұмысқа орналастыру фактісі анықталды.

«Аталған факті тіркелгеннен кейін қылмыстық істі тергеу жұмыстары Абай облысының экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды. Тергеу аяқталғаннан кейін ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігіне (қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау) сәйкес есепшіге қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген 5 млн теңге көлеміндегі залалды өтеді», - деп хабарлады Абай облысы прокуратурасынан.

Сот үкімімен сотталушы 2 жылға бас бостандығын шектелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.