Абай облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып жатыр
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ертай Қуанбаев осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Kazinform.
Осы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі — 347,5 млрд теңге. Өсімдік шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі — 104,2 млрд теңге, мал шаруашылығы — 243,2 млрд теңге болды. Жоспарға сәйкес биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 517,5 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
— Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 1 қазанда 57,7 млрд теңге болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 239% өсім бар. Өңірде 39 бордақылау алаңы жұмыс істейді, оның ішінде қуаты 1000 орыннан басталатын 11 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Биыл тағы бір алаңды пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары.
Қайта өңдеу өнеркәсіптерінің тапшылығын шешу мақсатында 2023-2024 жылдары ет комбинаттарын салу жоспарланып отыр. Семей қаласының аумағында жылдық қуаты 12 600 тонна «Еуразия Агро Семей» ЖШС ет комбинатының құрылысын бастау, жыл соңында қуаты жылына 600 тонна дайын өнім шығаратын «Ыкылас Инвест» ЖШС ет консерві зауытын ашу көзделген. Биыл егіс алқабы 745,4 мың га болды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар — 314,9 мың га, майлы дақыл — 290,4 мың га, картоп — 7,9 мың га; көкөніс пен бақша дақылдары — 6,1 мың га, жемшөп — 126 мың га.
— 2023 жылы күзгі егіс және жем-шөп дайындау жұмыстарын жүргізу үшін облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары шілде айына 3,1 мың тонна, тамыз айына 3,1 мың тонна, қыркүйекке 5,4 мың тонна, қазан айына 2,6 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын сатып алу, жеткізу, сақтау және жеткізу қызметтері үшін үстемеақының жалпы сомасы көрсетілген баға ұсынысы 242-250 теңге/литр, - деді Ертай Қуанбаев.
Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес осы жылы 4 бағыт бойынша 7 млрд теңге сомасына 8 инвестициялық жоба көзделген.
Суармалы жер көлемін ұлғайту бойынша — үш жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге инвестиция бойынша — екі жоба, ауыл шаруашылығы жануарларының генофондын жақсартуға — бір жоба, ет өндірісін ұлғайтуға — екі жоба қарастырылған.
Сонымен қатар, биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлығы 16,2 млрд теңге бөлінді.