Абай облысында ауыл шаруашылығы техникасы 25%-ға жаңартылды

Абай облысында ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінуде. Биыл өңір бойынша бұл саладағы техника 25%-ға жаңартылған, деп хабарлайды Kazinform.

Трактор
Фото: Абай облысы әкімдігі

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне несие беру, ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 2,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 2,6 млрд теңге игерілді.

«2700 субсидиялау шартына сәйкес 1400-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері субсидияланды. Негізгі бағыттар – лизингке сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және несиеге мал сатып алу. Сондай-ақ биыл жалпы сомасы 11 млрд теңгеден астам сомаға 550-ден астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл ауыл шаруашылығындағы машина-трактор паркі мен құрал-жабдықтарды 25%-ға жаңартуға ықпал етті», - делінген ақпаратта.

Трактор
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Абай облысының филиалы жыл басынан бері мал шаруашылығын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге қаржыландырды. Оның ішінде 1,7 млрд теңге тікелей қаржыландыру және 2,4 млрд теңге несие серіктестіктері арқылы жүзеге асырылды.

Биыл қосымша бюджет қаражаты түскеннен кейін қазіргі таңда резервте тұрған 470 ұсыныс бойынша субсидиялау туралы келісімге қол қойылады.