Абай облысында аю малды қырып жатыр – фейк
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысындағы «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі аю Үржар ауылындағы ауыл халқының малын қырып жатқаны жайлы жалған ақпарат тарауда.
Бүгін әлеуметтік желіде «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі аюдың сол маңдағы Үржар ауданындағы ауылдардың халқына маза бермей, малды қырып жатқандығы туралы жазба жарияланған. Видеода бірнеше атты адамның сиырға шапқан аюды қуып жүргендігін көруге болады.
«Бұл Абай облысы Үржар ауданына қарасты ауыл халқының жанайқайы. Қырылып жатқан малдың өтемі қалай болады? Осы тауға ұлттық парктің қажеті бар ма? Халық малын бағуға жер таппай отыр», - деп жазады жарияланым авторы.
Анық-қанығын білу үшін Kazinform тілшісі «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ директоры Айдын Серкебаевқа хабарласып көрді.
«Бұл жалған ақпарат. Видеодағы оқиға бізде болмаған. Қытайдағы жағдай. Ол видеодағы тауда қылқан жапырақты өсімдіктер өсіп тұр. Ал біздің ұлттық парктегі тауларда ондай ағаш мүлде жоқ. Сондықтан жұртты жалған ақпаратқа сенбеуге, оны таратпауға шақырамын», - деп түсіндірді ол.