Абай облысында азаматтарды жеке қабылдау нәтижесі талқыланды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау нәтижелері талқыланды.
Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Көкпекті және Ақсуат аудандары халықпен кездесу және жеке қабылдау қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша есебін ұсынды.
«Көкпекті ауданында халықпен кездесуде көпқабатты үйлер, спорт кешендерін салу, қоғамдық көлік пен медициналық қызметтерді дамыту мәселелері көтерілді. Жергілікті зейнеткер республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автомобиль жолын жөндеу туралы өтініш жасаған болатын. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мен «China Xingxing Corparation» ЖШС мердігері арасындағы келісімшартқа сәйкес «Қалбатау-Майқапшағай» учаскесіндегі 906-1321 шақырымындағы қайта жаңғыртуды «Қазстройтехник» ЖШС және «Семей жолдары» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымдары жүргізеді. Жұмысты 2024 жылы аяқтау жоспарлануда», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ қоғам белсендісі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу үшін несиелеу көлемін ұлғайту қажеттігін айтқан еді.

Алдағы уақытта тұрғын үй сатып алу үшін несиелеу мөлшері аудан орталықтарында 2500 АЕК-ке дейін және ауылдарда 2000 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
«Ал Ақсуат ауданының тұрғындары инфрақұрылымдық нысандарды салу мен қайта жаңғыртуға, тұрғын үй инспекциясы, білім беру мен денсаулық сақтауға байланысты бірқатар проблеманы атап өтті. Қоғам белсенділері «Қарғыба» су тоспасы мен «Жаңа Тоғам» магистральды каналын күрделі жөндеу қажеттігіне назар аударды. Су тоспасының жобалық-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар 80% орындалды. Мердігер - «Асыл-Строй» ЖШС», - делінген хабарламада.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өңір тұрғындарымен өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.
«Көтерілген әрбір мәселе жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болуы тиіс. Біз әр тұрғынды мұқият тыңдап, оларға нақты жауап беруіміз керек. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді», - деді әкім.
Жиын соңында аймақ басшысы аудан әкімдеріне тиісті басқарма басшыларымен бірлесіп, тұрғындар мәселесін шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.