Абай облысында ажырасқандар саны артты

неке
Фото: Pexels

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында бір жылда ажырасқандар саны 5 пайызға артып отыр.

Өңірде өткен жылы АХАТ органдары 3452 некені тіркеген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,4%-ға аз. 

«Аудан, қалалар арасында Семей тұрғындары отбасын көбірек құрған. Ал ең төменгі деңгей Абай ауданында. Отбасын құрғандардың ішінде бірінші рет некеге тұрған ерлердің үлесі — 75,7%, әйелдер саны — 75,1%. Ажырасқандар арасында қайта некеге тұру үлесі ерлерде — 22,6%, әйелдерде — 22,1%» деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.

Қалаларда 2452 неке (71%), ауылдарда 1000 неке (29,0%) тіркелді. Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер үшін — 28,1, әйелдер үшін — 25,5 жас. 

«Тіркелген некелердің 86,6%-ы моноэтникалық, яғни бір ұлт арасындағы жұптардың отасуы, ал қалған 13,4% — этносаралық. Ажырасуға келетін болсақ, олардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,4% көбейіп, 1514 құрады. Қалаларда 1148 ажырасу (75,8%), ауылдарда 366 ажырасу (24,2%) тіркелген» делінген ақпаратта. 

Ажырасудың ең жоғары деңгейі — Курчатов қаласында, ал ең төмені — Абай ауданында. 

Неке ұзақтығы бойынша ажырасудың ең көп үлесі (29,5%) некеде 5-9 жыл өмір сүрген отбасылар арасында, 18,7%-ы 10-14 жыл бірге отасқандар арасында болған.

Соңғы жаңалықтар