Абай облысында демалыс күндері 30-ға жуық жол апаты болды
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында демалыс күндері полиция күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, қоғамдық қауіпсіздік күнтізбедегі демалысқа қарамайды. Тәртіптің сақталуы, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын қорғау — полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы.
Осы міндеттерді орындау мақсатында Абай облысында демалыс күндері профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері қоғамдық орындар мен тұрғын секторларда бақылау жұмыстарын жүргізді.
Іс-шаралар аясында қала аумағындағы көңіл көтеру орындары тексеріліп, келушілер мен мекеме әкімшіліктеріне қоғамдық тәртіпті сақтау талаптары түсіндірілді. Әсіресе, құқық бұзушылықтар орын алуы мүмкін аумақтарға басымдық берілді.
Профилактикалық есепте тұрған азаматтар да полиция назарынан тыс қалған жоқ. Олардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтауына бақылау жасалды. Мұндай жұмыстар құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.
— Нәтижесінде 96 азаматтық қару иесі тексеріліп, 69 проблемалық мекенжай анықталды. 99 мекенжайдың паспорты жасақталды. 281 тұрғын үй нысаны, 69 саяжай үйі, 18 шаруа және фермерлік қожалық пен қыстау, сондай-ақ 15 қараусыз қалған және шалғай нысан тексерілді. Бұдан бөлек, полиция есебінде тұрған 296 азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылаудан өтті. Жол қозғалысы қауіпсіздігі де жіті назарда. Сондай-ақ, облыс аумағында демалыс күндері 27 жол-көлік оқиғасы тіркелді. ЖКО нәтижесінде зардап шеккендер жоқ, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Ақмола облысында тас жолда болған жол апатынан үш адам қаза тапқанын жазғанбыз.