Абай облысында халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға құрмет көрсетілді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, Абай облысының Құрметті азаматы, әнші Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған «Қазақтың Бибігүлі – халықтың бұлбұл үні» атты концерт өтті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті.
Ән кешінде отандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, романстар, оркестрлік шығармалар орындалды.
Концертте Әміре Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармония жанындағы «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі, мәдениет саласының үздігі Нұрбек Өмірбеков, республикалық конкурстардың лауреаты, Әміре Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармонияның әншісі Әйгерім Тоқтыбаева, республикалық конкурстардың лауреаты, Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің солисі Әйгерім Әшірова өнер көрсетті.
Сондай-ақ, кеш қонақтарының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазы Нұржан Бажекенов сынды өнер саңлақтары болды.
«Бүгін руханияттың ордасы Семей қаласында ерекше күн. Қазақтың шоқ жұлдызы, әлемге әйгілі сопрано дауысының иесі Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың мерейтойына арналған мерекелік концертке жиналып отырмыз. Аса қадірлі Бибігүл Ахметқызы Ғажайып даусыңызбен қазақ ән өнерін биікке көтеріп, ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасын әлемге танытуда қосқан үлесіңіз елден ерен. Сізге мықты денсаулық, баянды ғұмыр тілейміз. Алдағы уақытта да өнеріңізден нәр алып, жастарымыз сіздің еңбек жолыңызды үлгі етеді деп сенеміз», — деді өз құттықтауында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Қазақ даласын өз әндерімен тербеткен Бибігүл Ахметқызы – халықтың нағыз сүйіктісі. ЮНЕСКО ұйымы жерлесімізді ХХ ғасырдың көрнекті әйелдерінің тізіміне енгізді. Танымал талант иесі 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын) бітірген.
Кеш барысында мерейтой иесі жайлы естеліктер айтылды. Туған жерінің шексіз махаббаты мен ыстық ықыласына бөленген Бибігүл Ахметқызы жүрекжарды алғысын білдіріп, аналық батасын берді.