Абай облысында иесіз ит-мысықтарға арналған орталық ашылды
Семейде «4 лапы» қорының жануарларға арналған жаңа ғимараты ашылды. Ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, еріктілер, зооқорғаушылар, ветеринарлар мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Kazinform.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, орталық ғимараты 350 шаршы метр аумақты алып жатыр.
Жаңа орталық үй жануарларын күтіп-ұстауға қажетті барлық құрал-жабдықтармен, арнайы орындармен толық қамтылған. Нысанда ит-мысықтарға ота жасайтын бөлме, оларды ұстайтын арнайы орындар және жалпы ауданы 150 шаршы метрлік вольер бар.

«Жаңа ғимараттың құрылысы екі жылға созылды. Бізге облыстың жергілікті тұрғындарынан бөлек, еуропалық қор, Франция, Германия және Испанияның қайырымдылық ұйымдары қаржылай қолдау көрсетті. Жобаны іске асыру барысында, әсіресе демеушілерді табуға облыс және қала әкімі көп көмектесті. Мен өте бақыттымын, осы иесіз ит-мысықтар мәселесін шешу бағытында 8 жыл еңбегімнің жемісін көрдім», - дейді қор басшысы Анастасия Глядинцева.

Айта кетейік, орталық бұралқы ит-мысықтарды зарарсыздандыру және сауықтыру мақсатында маңызды рөл атқармақ. Мұнда үй жануарларын емдеп қана қоймай, оларды жаңа ережеге сай сәйкестендіру үшін чиптеу процедурасы жүргізіледі.
Жаңа орталық Семей қаласы, Лесная көшесі, 50/2 мекенжайында орналасқан.
