Абай облысында интернет арқылы 16 адамды алдаған оралдық алаяқ сотталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысында интернет арқылы 16 адамды алдаған Орал қаласының 22 жастағы тұрғыны сотталды.
Тәртіп сақшылары пәтерлерді тәуліктік жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялауға байланысты бірнеше рет жасалған интернет-алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істі тергеді.
- Тергеу барысында ер адамның интернет-платформаларда пәтерлерді жалға беру туралы хабарландырулар орналастырып, ол үшін интернеттегі ашық дереккөздерден табылған жылжымайтын мүлік нысандарының фотосуреттерін пайдаланғаны анықталды. Клиенттермен сөйлесу кезінде ол жалға алу шарттарын хабарлап, бір тәулік тұру құны мөлшерінде алдын ала төлем жасауды талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ жәбірленушілермен байланысын үзіп, олардың телефон нөмірлерін бұғаттаған, - деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.
Ақшаны қабылдау және кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін үшінші тұлғалардың банк шоттары пайдаланылған.
Қылмыстық істі тергеу барысында Қазақстанның әр түрлі қалаларынан баспана жалдамақ болған азаматтарға қатысты алаяқтықтың 16 дерегі тіркелген. Айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігі, яғни интернет пайдаланушыларын алдау арқылы бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша кінәлі деп танылды.
- Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен сотталушыға пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеу мәселесін шешті, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада балабақшадан орын алып беруге уәде еткен алаяқ 4 жылға сотталғаны хабарланған.