Абай облысында қоршаған ортаны ластағандарға 52 млн теңгеге жуық айыппұл салынды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Абай облысында қоғамдық орындарды ластағаны үшін 1316 адамға айыппұл салынды.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көшені ластағандар ӘҚБтК-нің 434-бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқықбұзушылықтар жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркелді. Бақылау жүйелері аулаларда, жол бойында, аялдамалар мен тұрғын үйлердің маңында орнатылған. Камералардың көмегімен полиция қызметкерлері құқықбұзушыларды жедел анықтап, тиісті шара қолданып жатыр.
— Бейнебақылау жүйелерін пайдалану бізге құқық бұзуды тіркеп қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Азаматтарды тазалықты сақтауға және қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырамыз, — дейді ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әсет Өтепов.
Халық көбіне темекі тұқылы мен қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастайды. 3 айда салынған айыппұлдың жалпы сомасы 51 млн 745 мың теңге болды.
Еске салсақ, бұған дейін өткен жылы республикалық жолдардан 700 мың тонна қоқыс жиналғаны хабарланған.