Абай облысында құны 2,7 млрд теңге болатын заңсыз жеткізілген темекі тәркіленді
Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті сәйкестендіру құралдарынсыз сатуға арналған түрлі маркалы темекіні жеткізудің ірі арнасын анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ҚМА департаменті аталмыш операцияны полиция ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп жүргізген.
Семей қаласының аумағында жүк автокөлік құралдары мен қоймаларды тексеру барысында 77,3 млн қорап контрафактілік темекі табылып, тәркіленді, олардың нарықтық құны 2,7 млрд теңгені құрайды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің қорытындысына сәйкес, бюджетке төленуге жататын акциздер сомасы 1,1 млрд теңге болды.
Бұған дейін Абай облыстық Полиция департаментінің ҰҚҚК-мен бірлесіп, құны 1,1 млрд теңге болатын контрафактілік темекі тасымалдаудың жолы кесілді, ол бойынша акциздер сомасы 450 млн теңгені құрады.
Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.