Абай облысында күзгі жиын-терін ойдағыдай аяқталды
2024 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егін жинау алаңы 749,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 299,0 мың га, майлы дақылдар 295,8 мың га, картоп 5,8 мың га, көкөністер 5,4 мың га, ал жемшөп дақылдары 143,5 мың гектар алқапқа егілді.
Бұл туралы әкімдікте өткен кеңейтілген аппараттық жиында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев айтты.
Бүгінгі таңда облыста астық жинау толық аяқталды. Орташа өнімділігі 15,0 ц/га болатын 449,7 мың тонна астық бастырылды. 444,8 мың тоннадан астам майлы дақыл, 134,2 мың тонна картоп, 128,4 мың тонна көкөніс жиналды.
5,8 мың га алқаптан картоп 229,8 ц/га жиналып, нәтижесінде 134,2 мың тонна өнім алынды. Көкөністерді жинау да аяқталды.
Егін ору жұмысына 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 орақ тартылды. Ауыл шаруашылығы техникасының үздіксіз жұмыс істеуі үшін литріне 250 теңге бағамен 15,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.