Абай облысында мал ұрлаған 11 адам сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысының Бесқарағай ауданында мал ұрлығымен айналысқан 11 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды прокуратура.

барымташы
Фото: видеодан алынған кадр

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында аудандағы шаруа қожалықтарының бірінен ұсақ малды бірнеше рет ұрлауға қатысы бар адамдар тобының қылмыстық әрекеті тоқтатылған.

Тергеу нәтижесінде бірнеше ұрлыққа 11 адамның қатысы бары анықталды. Олар жалпы 36 бас ұсақ малды ұрлаған. Сондай-ақ тағы 14 бас малды ұрлауға әрекет жасаған.

Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.

– Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың тағылған қылмыстарды жасаудағы кінәсін растайтын дәлелдемелерді ұсынды. Сот үкімімен барлық 11 сотталушы кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында мал ұрлығының алдын алу мақсатында 2 мыңнан астам малға GPS-бақылау құрылғысы орнатылғанын жазған едік.