Абай облысында мектеп автобустарының қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы қарсаңында Абай облысында оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері автобустардың техникалық жағдайын, жүргізушілердің құжаттарын, медициналық тексеруден өтуін, сондай-ақ балаларды тасымалдауға қойылатын талаптардың сақталуын тексеріп жатыр.
— Жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режимін және оқушыларды автобусқа отырғызу мен түсіру ережелерін сақтауына ерекше назар аударылады. Жүргізушілермен және білім беру ұйымдарының өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Полиция ата-аналарға балаларға автобуста қауіпсіздік белдігін тағу, қозғалыс кезінде орнынан тұрмау және жүргізушіні алаңдатпау керектігін түсіндіруді ескертеді.
Осыған дейін Абай облысында түнгі рейд кезінде 409 жасөспірім полицияға жеткізілгенін жаздық.