Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Абай облысында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

АБАЙ. KAZINFORM – Семейде өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі болып жүрген отбасыларды ұлықтауға арналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты, деп хабарлайды Kazinform Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

с
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Мерейлі отбасы» байқауы адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға бағытталған. Байқау елімізде 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

ы
Фото: Абай облысы әкімдігі

Бүгінде Абай облысында 198 526 отбасы бар. Оның 18 983-і – көпбалалы отбасылар. Биыл байқауға облыстың қала-аудандарынан 129 отбасы өтініш білдіріп, олардың 24-і облыстық кезеңге жолдама алды.

– Бес жыл ішінде бұл байқау өнегелі отбасылардың басын қосып қана қоймай, қоғамға жақсыны көрсетуге, ізгілікті дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға арналған маңызды дәстүрге айналды. Бүгінгі марапатты – Отанның бір бөлігі болған отбасына тәрбиенің тұнығын беріп, барын бақытым деп бағалаған кең пейіл, бала көңілдеріңізге облыс жұртшылығының көрсеткен құрметі деп білерсіздер. Ынтымағы мен ырысы артқан әр шаңыраққа бақ қонып, баланың күлкісі, сәбидің сыңғыры үзілмесін. Мерейлі отбасылардың мерейі үстем болып, абыройы арта берсін, – деді Берік Уәли.

Байқау қорытындысы бойынша I орынды Бесқарағай ауданының Қайдаровтар отбасы иеленді. II орын Абай ауданының Мақаевтар отбасына бұйырды. III орынды Ақсуат ауданының Каржиковтар отбасы мен Жарма ауданының Құмаровтар отбасы иеленді.

в
Фото: Абай облысы әкімдігі

Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған Қайдаровтар отбасы республикалық кезеңге жолдама алды.

– Шыны керек, осындай марапатқа ие боламыз деп ойлаған жоқпыз. 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, ұрпағымызды тәрбиелеп келеміз. Бұл марапат – біздің отбасымызға көрсетілген үлкен құрмет. Алғысымды білдіремін, – деді білім саласының ардагері, байқау жеңімпазы Жұмағазы Қайдаров.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды.

ы
Фото: Абай облысы әкімдігі