Абай облысында шахтадан алтын ұрлаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Жарма ауданындағы шахтадан алтын ұрлаған 4 адам ұсталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Жарма ауданындағы шахта аумағынан құрамында алтыны бар кен ұрлаған қылмыстық топты құрықтады.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыстық топтың ізіне түсіп, төрт ер адамды ұстады. Олардан металл іздегіштер, респираторлар, кен тасуға арналған қаптар және шамамен құрамында 3 келі алтыны бар кен тәркіленді. Осының салдарынан келтірілген жалпы шығын 3 млн теңгеден асқан», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта аса ірі көлемдегі ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде бизнес ашпақ болған жігіт алаяққа 23 млн теңге бергені хабарланған.