Абай облысында шанхайлық ірі компаниялармен бірлескен жобалар іске асырылмақ
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының әкімдігінде шанхайлық ірі компаниялар өкілдерімен келіссөз жасалды.
Абай облысының әкімдігінде «China Triumph International Engineering Co. Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Жиында өңірдің өнеркәсіптік және индустриялық-инновациялық даму мәселелері талқыға салынды.
«Келіссөзге облыс әкімінің орынбасарлары Димитрий Гариков, Әділбек Мұсабаев, басқармалар мен саяси партиялардың басшылары қатысты. Дөңгелек үстел басына жиналғандар энергетика, энергия үнемдеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым және абаттандыру салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Шанхайлық Sanei Elevator компаниясының өкілдері өз кезегінде Абай өңірінде жоғары сапалы жеделсатыларды өндірумен айналысуға мүдделі екендерін атап өтті. Аталған компания 1987 жылдан бері Қытайда жеделсаты жасап шығарумен айналысып келе жатқан алғашқы ұлттық кәсіпорын.

«Қос тарап ортаға салған ұсыныстардың негізгі мақсаты – облыстың экономикасын нығайтуға ықпал ету және агроөнеркәсіптік кешенді, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары саласын дамытудың жаңа деңгейіне қол жеткізу», - делінген ақпаратта.