Абай облысында шекара маңындағы 11 мың гектар жер заңсыз берілген

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында шекара маңындағы 11 мың гектар жер заңсыз берілгені анықталды.

жер
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Үржар ауданының прокуратурасы шекаралық белдеуден жер телімдерін заңсыз беру фактісін тіркеді.

«Аудандық прокуратура мен жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінен мал шаруашылығын жүргізу үшін 11 мың гектар жердің заңсыз берілгенін анықтады. Қазіргі уақытта барлық мән-жай тексерілуде», - деп хабарлады облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Бүгінгі таңда Үржар ауданы прокурорының ұсынумен 9,2 млн теңгеге 7,8 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды. Қалған учаскелер бойынша сотқа талап-арыз берілді.