Абай облысында тағы 7 өрт сөндіру бекеті ашылады

өрт сөндіру техникасы
Фото: Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында қосымша 7 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда. Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аймақ бойынша өрттің алдын алу мақсатында бірқатар шара қолға алынды. 2023 жылы «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры есебінен 11 өрт сөндіру техникасы және 363 жабдық сатып алынған.

«Атап айтқанда, 4 өрт сөндіру машинасы, 5 шағын орман патрульдік кешен, 2 JAC T6 автокөлігі, өрт сөндіру машиналарына арналған 25 қозғалтқыш, 20 бензинді мотопомпа және 307 рюкзакты өрт сөндіргіш, 6 орман өртін сөндіретін рюкзакты құрылғы және 2 бензинді ара алынды. Бұдан бөлек республикалық бюджет есебінен «Семей орманы» резерваты 34 өрт сөндіру техникасы мен 323 жабдықпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 10 өрт сөндіру машинасы, 14 шағын орман өрті кешені, 107 мобильді және 216 тасымалды рация бар. Өрт кезінде жедел әрекет ету үшін елді мекендерде 13 өрт техникасы бар 10 өрт сөндіру бекеті құрылды. 2024 жылға облыстың ТЖД техникасының 7 бірлігін бере отырып, қосымша 7 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда. Өңір бойынша барлығы 62 өрт сөндіру бекетінде 70 техника бар», - делінген ақпаратта.

Абай облысы әкімі
Фото: Абай облысы әкімдігі

Термиялық нүктелердің ғарыштық мониторингін жүргізу үшін «ҚазақстанҒарышСапары» ҰК» АҚ-мен келісімшарт жасалды. Сонымен қатар аэровизуалды тексерулер жүргізу және төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-пен тікұшақ тарту жөнінде келісімшартқа қол қойылған. Семей қаласы әуежайының базасымен Қорғаныс министрлігінің облыстық филиалының авиабазасында су төгетін құрылғылары бар 3 МИ-8 әуе кемесі кезекшілік етуде.

«Орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы жылы құрамында түрлі органдар мен мекемелердің өкілдері бар 32 бірлескен мобильді топ құрылды. Бүгінгі таңда облыстың 94 елді мекенінде аумақтарды құрғақ өсімдіктерден және жанғыш қоқыстардан тазарту жүргізілді. Елді мекендер мен автомобиль жолдарының айналасында ұзындығы 437,8 шақырым минералданған жолақтар құрылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда әрі қатаң бақылауда», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар