Абай облысында түнгі рейд кезінде 409 жасөспірім полицияға жеткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында түнгі рейд кезінде 16 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 23:00–ден кейін қала мен елді мекендер біртіндеп тынышталады. Алайда дәл осы уақытта полиция қызметкерлерінің жұмысы жалғасады. Себебі баланың түнгі уақытта қайда жүргені, кіммен бірге екені және қауіпсіз жерде болуы — назардан тыс қалмауы тиіс.
Абай облысында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері түнгі рейдтер ұйымдастырып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары көшелерді, қоғамдық орындарды және жасөспірімдер жиі жиналатын аумақтарды аралап, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген балаларды анықтады.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға басымдық берілді.
— Шара барысында 409 кәмелетке толмаған бала ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың жағдайы зерделеніп, әрбір факті бойынша тиісті профилактикалық және құқықтық шаралар қабылданды. 16 жасөспірім қараусыздық пен панасыздық фактілері бойынша Балаларды бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі рейдтер нәтижесінде барлығы 446 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, — дейді полиция қызметкерлері.
Оның ішінде ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауы бойынша 43 дерек анықталды. Ең көп тіркелген фактілердің бірі — кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы. Осы бағытта 370 жағдай анықталды.
Полиция қызметкерлері рейд барысында жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер өткізіп, түнгі уақытта көшеде жүрудің ықтимал қауіптерін түсіндірді. Ата-аналарға да балалардың бос уақытын бақылау, олардың қайда жүргенінен хабардар болу және заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.
Бұдан бұрын Шымкенттегі дендросаябақ маңында жасөспірімді пышақтап кеткенін жаздық.