Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1300-ден аса дерек тіркелген
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында биылғы жылдың алғашқы төрт айында 1345 тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі анықталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес өңірдегі негізгі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Бұл ретте әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Профилактикалық жұмыстар туралы Абай облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Мейірбек Нұрекенов баяндады.
— Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстырылды. Сонымен қатар 2025 жылғы 16 шілдеден бастап сталкинг, яғни адамның еркінен тыс заңсыз қудалау, сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу әрекеттері үшін жауапкершілік енгізілді. Биыл осы баптар бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық пен күш қолдану деректеріне жол берген 34 тұрғын анықталды, — деді Мейірбек Нұрекенов.
Оның мәліметінше, полиция қызметкерлері агрессивті мінез-құлыққа бейім азаматтармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Жыл басынан бері тұрмыстық салада тіркелген 1345 әкімшілік құқық бұзушылықтың басым бөлігін отбасылық жанжалдар құрайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1149 қорғау нұсқамасы шығарылып, олардың талаптарын бұзғаны үшін 122 адам жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ тіркелген материалдардың 100-інде құқық бұзушылықтың қайталану белгілері анықталған. Бұл жекелеген азаматтардың агрессивті мінез-құлқы сақталып отырғанын және профилактикалық бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді.
Айта кетейік, Алматыда биыл жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 67 дерек тіркелсе, былтыр осы уақытта бұл көрсеткіш 71 болған.