Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Абай облысында үш күнде 1027 жүргізуші жол ережесін бұзған

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында жол қауіпсіздігі рейді кезінде 9 мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

патрульная полиция патрульдік полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Абай облысында 10–12 тамыз аралығында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің тәртібін күшейтуге бағытталған рейд барысында полиция қызметкерлері 1027 құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі көлік құралын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауға қатысты болды.

Атап айтқанда:

358 — жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдігін тақпау және мотошлем пайдалану талаптарын бұзу;
204 — техникалық регламент талаптарына сай келмейтін көлік құралын басқару;
167 — көлік жүргізу кезінде телефон немесе радиостанция пайдалану;
86 — міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлікті басқару;
43 — көлік басқару құқығы жоқ адамның рөлге отыруы;
35 — мемлекеттік нөмірлік белгісіз немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлікті басқару;
26 — жолаушылар, багаж және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу;
26 — балаларды ұстап тұратын арнайы құрылғысыз көлік басқару;
18 — тиісті рұқсатсыз көлікті қайта жабдықтау;
11 — көлік басқару құқығынан айырылған адамның рөлге отыруы;
10 — жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы;
9 — мас күйінде көлік басқару;
9 — қарсы бағытқа шығу;
4 — жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактілері.

Полицияның айтуынша, рейдтік іс-шараның негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алу.

— Жол қауіпсіздігі — ортақ жауапкершілік. Әрбір анықталған құқық бұзушылықтың артында адам өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіп бар. Сондықтан жүргізушілерді жол ережесін сақтауға, жылдамдық режимін бұзбауға және көлік басқару кезінде барынша мұқият болуға шақырамыз, — деді полиция қызметкерлері.

Бұған дейін Абай облысында бір күнде 306 жүргізуші жол ережесін бұзғанын жаздық.