Абай облысында «Жасыл ел» жасақтары 30-ға жуық саябақты тазалады

30-ға жуық саябақты тазалады
Фото: Абай облысы әкімдігінен

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында «Жасыл ел» жасақтарының жұмысы жалғасып жатыр. Басты мақсат – жастарды қайырымдылыққа баулып, туған жердің тазалығына атсалысуға шақыру. Биылғы маусымда жобаға 350-ден астам жас қатысып, өңірдің әртүрлі елді мекендерінде 30-ға жуық саябақты тазалап үлгерген.

«Курчатов қаласында «Жасыл ел» сарбаздары арамшөп жұлумен және шөп шабумен айналысады. Олардың күшімен Жастар саябағындағы субұрқақтың жанындағы тротуарлар арамшөптерден тазартылды. Қазіргі таңда жұмыстар 1 гектар аумақты қамтып, 50 текше метр шөп шабылды», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.

Жасыл ел жасағы
Фото: Абай облысы әкімдігінен

Бородулиха ауданында сарбаздар ұйым қызметкерлерімен бірге жол жиектерін жаңартып, шөп шабу жұмыстарын жүргізді. Үржар ауданында Жастар және Жеңіс саябақтарын тазарту, әрі көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Аягөз ауданында биыл «Жасыл ел» жасағында 35 адам жұмыс істейді.

«Осы жаңа уақытта – білімге, жұмыс істеуге және өсуге деген ұмтылыс қажет. Жастарға тегін жейделер, қалпақтар мен қолғаптар берілуде. Олар ауданды көгалдандырумен, арамшөп жұлумен, жол бойындағы аумақтарды абаттандырумен айналысады. Жұмыспен қамтылған жастардың туған жерінің абаттандыру ісіне құрметпен қарауы маңызды», - дейді Аягөз ауданының «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының басшысы Бақтияр Әбен.

Жасыл ел жасақтары
Фото: Абай облысы әкімдігінен

«Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы басталғалы бері 5 тоннадан астам қоқыс шығарып, гүл егу және суару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 4 000 шаршы метрден астам жер абаттандырылды. Жастардың бұл жұмыстары шілде, тамыз айларында да жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram