Абай облысында жылу электр орталығын салатын ресейлік компания өкілдерімен кездесу өтті

Абай облысы әкімдігі
Фото: Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында жылу электр орталығын салатын ресейлік компания өкілдерімен кездесу өтіп, жұмыс жоспары талқыға салынды. 

2024 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы үкіметаралық келісім шеңберінде Семей қаласында жылу электр орталығын салу туралы шешім қабылданған болатын. Осыған орай Абай облысы әкімдігі мен «Интер РАО-Экспорт» ЖШҚ компаниясы өкілдері арасында кездесу өтті.

Абай облысы әкімдігі
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Кездесуде тараптар жобаны іске асырудың алдағы жоспарлары мен жолдарын талқылады. Осылайша, негізгі жабдықтың қуаты, орналасуы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы және ЖЭО құрылысының мерзімі алдын ала анықталды. Болашақ жылу электр орталығына отын көзі де орнатылды», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімдігі техникалық параметрлер туралы ұсыныс енгізді. Оған сәйкес жаңа ЖЭО-ның электр және жылу қуаты 360 МВт және 1200 Гкал/сағ құрауы тиіс. Бүгінгі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

«Бұған дейін құрылыс алаңы ретінде 2023 жылғы 14 шілдедегі №7 алқалы хаттамалық шешімімен Семей қаласының сол жағалауындағы Степной кентінің артындағы аудан бекітілген болатын. Ол жер учаскесінің бекітілген аумағы шамамен 60 гектарды құрайды», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар