Абай облысында жол апатынан полицей мерт болды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында жол апатынан полиция қызметкері көз жұмды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 18 қазанда республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолында болған.
«Үш көлік соқтығысты. Салдарынан 3 адам қаза болды. Оның ішінде Семей қаласының полиция аға сержанты Асхат Ахатов бар», - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық мән-жай анықталып жатыр.
«Полиция департаменті марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Еске салсақ, көз жұмған полицей биылғы наурыз айында қылмыскерден пышақ жарақатын алып, қызды батылдықпен құтқарып қалған», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында имам көлікпен қағып кеткен 11 жастағы қыз қаза болғаны хабарланған.