Абай облысында жол қауіпсіздігін арттыратын 13 лазерлік кешен орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысындағы «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолында жол қауіпсіздігін арттыруға арналған заманауи лазерлік жүйе іске қосылды.
Жоба аясында Қаракөл, Таскескен, Шынқожа, Аягөз, Үшбиік, Қапан-Бұлақ, Жаңаөзен және Қалбатау елді мекендерінің маңында 13 жабдық жиынтығы орнатылған.
ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметінше, жүйе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде жүргізушілердің назарын күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
«Лазерлік құрылғылар жүргізушілердің ұзақ жолдағы шаршауын азайтуға және әсіресе түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі. Жүйе қауіпті учаскелерде жүргізушілердің назарын шоғырландырып, жол жағдайын жақсырақ бақылауына мүмкіндік береді. Бұл бастама республикалық маңызы бар автожолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған», – деп хабарлады жол саласының мамандары.
Жоба республикалық жол желісінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар аясында жүзеге асырылып отыр.
Айта кетейік, Абай полициясы дрондардың көмегімен Алакөл тасжолында бақылауды күшейтті.