Абай облысында жүргізуші куәлігін заңсыз сатумен айналысқан топ әшкереленді
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының прокуратурасы Мамандырылған ХҚО лауазымды тұлғаларының заңсыз қызметінің жолын кесті.
Абай облысы прокуратурасының нұсқауы бойынша азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәліктерін алуға заңсыз ақшалай сыйақы үшін жәрдем көрсетті деген күдікке ілінген Мамандырылған ХҚО лауазымды тұлғаларының заңсыз қызметінің жолы кесілді.
Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде азаматтардан жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандардан сәтті өткізу мақсатында заңсыз ақша алу схемасы анықталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Мамандырылған ХҚО-ның жекелеген қызметкерлері сенімді тұлғалар арқылы жүргізуші куәлігін ақшалай сыйақыға алуға мүдделі азаматтарды іздеумен айналысқаны анықталды.
Сонымен қатар, заңсыз схемаға делдалдар тартылған, олар үміткерлерге нұсқаулық жүргізіп, теориялық емтихан тапсыру кезінде дұрыс жауаптарды алуға мүмкіндік беретін арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз еткен. Аталған техникалық құралдар алынды, заттай дәлелдемелер ретінде танылды.
Жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Абай облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері Мамандырылған ХҚО-ның лауазымды тұлғаларын ұстады.
Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайларын, сондай-ақ оған қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Абай облысының прокуратурасы пара беру мен пара алуды, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді заңсыз жолмен алуды қоса алғанда, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісі заңда белгіленген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары прокуратура органдарының ерекше бақылауында.
Айта кетелік қауіп төндірген жүргізушілер: 2 мыңға жуық куәліктің күші жойылған еді.