Абай облысындағы 5 соғыс ардагеріне 2 млн теңгеден беріледі

Абай облысындағы 5 соғыс ардагеріне 2 млн теңгеден беріледі
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында Жеңіс күніне орай 5 соғыс ардагеріне 2 млн теңгеден берілмек.

Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 9 мамыр – Жеңіс күнінің құрметіне қалалар мен аудандар мәслихаттарының шешімдері негізінде бірқатар санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыстың 5 ардагеріне 2 млн теңгеден, Ленинград қоршауында болған 1 адамға 150 мың теңге, фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының кәмелетке толмаған тұтқындары болған 3 адамға 150 мың теңгеден беріледі.

Қайтыс болған соғыс мүгедектерінің немесе жеңілдіктері бойынша соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың жұбайлары, соғыста қаза тапқандардың, партизанның, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғынына» төсбелгісімен наградталған, жалпы сырқаттану, еңбек жарақаты салдарынан мүгедек деп танылған қайта некеге тұрмаған азаматтың жұбайлары болған 87 адам, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған 35 адам да 150 мың теңгеден алады.

«1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген және соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адам 2033 адамға 70 мың теңгеден беріледі. Жалпы облыс бойынша біржолғы әлеуметтік көмекті 2164 адам алады», - делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар