Абай облысындағы ауыл мұғалімі әлем әншілерінің әнін өңдейді

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысындағы ауылдардың бірінде биология пәнінің мұғалімі әлемнің танымал әншілерінің әнін өңдеумен айналысады. Ерқанат Ерғазыұлы жұмыс істеген шетелдік жұлдыздардың тізімінде әйгілі Дуа Липа да бар. Ал қазір оған әлемге әйгілі испандық әнші Розалиядан жаңа әнді бірге жазуға ұсыныс түскен.

Ерқанат Ерғазыұлы
Фото: Kazinform

Ерқанат Ерғазыұлы - Абай ауданы Қарауыл ауылының мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінің мұғалімі. Жас маман өзі түлеп ұшқан білім ордасына жұмысқа орналасқанына бір жылдан асқан. Бос уақытында аранжировка жазумен айналысады. Әріптестері де Ерқанатты жан-жақтты талантты ұстаз дейді. 

Ерқанат Ерғазыұлы
Фото: Kazinform

- Мектепте оқып жүрген кездің өзінде шығармашылыққа жақын еді. Он бірінші сыныпта музыкалық топ құрды. Тек ән емес, биге де икемі бар, - дейді әріптесі Роллан Тлеуханов.

Ерқанат Сaдуханов шоу бизнесте «Eraholic» лақап атымен танымал. Жақында оған әлемге әйгілі испандық әнші Розалиядан жаңа әнді бірге жазуға ұсыныс түсіпті. 

- Ол кісі менің әлеуметтік желідегі жұмыстарымды көріп жүр екен. Кейін өзі хат жазып, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Қазір қандай жанрда болатынын пысықтап жатырмыз. Ал, ән дайын тұр. Жалпы ол туындыны Қазақстанда танымал болып келе жатқан реггетон стилінде латын мотивтерімен шығарғым келеді, - дейді Ерқанат Садуханов.

10 жылға жуық әндерге аранжировка жазумен айналысып келе жатқан музыкантқа қазақстандық әртістерден де сұраныс көп. Бірақ, шетелдік жұлдыздармен жиі жұмыс істейді. Өйткені Ерқанаттың өңдеу стилі көбіне батыс халықтарының талғамына сай.

Бірақ ауыл мұғалімі музыка тек хоббиім, ал негізгі жұмысым - ұстаздық ету дейді.

Алтынбек Әмит

Соңғы жаңалықтар