Абай облысындағы форумға инвесторлар қандай сыйлық алып келді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семейде бизнесмендердің ерекше қызығушылығын туғызған «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форум өтті. Іс-шараға Абай облысы үшін ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар дайындаған кәсіпкерлер мен инвесторлар жиналды.

Форум Абай облысы мен Қазақстанның басқа да аймақтары мен серіктес мемлекеттер арасындағы байланысты нығайту алаңына айналды. Шара өткізілген басты мекен – «Абай Арена» қатысушыларды жергілікті тауар өндірушілердің көрмесімен қарсы алды. Мұнда азық-түлік, киімдерден бастап автобус пен арнайы техникаға дейін көруге болады. Отандық компаниялар белсенді жұмыс істеп, өндірістік желіні кеңейтуде. Олардың басым бөлігі инвестициялық жобалардың ашылуы немесе кеңеюімен байланысты.

Қызыл кілемде жүріп өткен 500-ге жуық форум қатысушысы арасында Қазақстан мен шетелдік бизнесмендер мен инвесторлар, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері болды. Бизнес-қауымдастық облыстың пайдалы тәжірибелерімен танысып, бірлесе жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады. Форум қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастық жайлы 14 меморандумға қол қойылды.
Аймақтың маңызды басымдықтарының бірі – географиялық орналасу жағдайы. Облыс Қытай, Ресей мен Орталық Азияны байланыстырады.
Бүгінде Абай облысы жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын және 8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, әлеуеті жоғары 38 инвестициялық жобаны топтастырды. Олардың қатарында зауыттар, сервистік кешендер, сауда үйлері, қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Ең ауқымды жобалардың бірі 22 мың адамға арналған стадион құрылысы. Бұл әлеуметтік бағыттағы жоба KAZ Minerals Тобының аймақты қолдау бағдарламасы аясында бірлесе қаржыландыруымен жүзеге асырылмақ.

Форумның пленарлық отырысында сөйлеген «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов компанияның облыс тіршілігіне көп жыл бойы араласып келе жатқанына тоқталды. Игі істер қатарында – ауруханаларды жөндеу, жатақхана салу, мәдени және спорттық жобаларды қолдау бар. Колледждермен ынтымақтасу арқылы студенттерге грант бөлу, олардың тәжірибеден өтуіне ерекше көңіл бөлінеді.
– Бүгін қол қойылған меморандум – KAZ Minerals Тобының біздің ESG-ұстанымдарымыздың аясында Абай облысындағы өмір сапасын жақсартудағы кезекті қадамымыз. Семейдегі стадион құрылысы – біздің спорттық инфрақұрылым саласындағы ауқымды жобаларымыздың бірі. Сол арқылы спортты дамытып қана қоймай, қаланың белсенді, әрі мәдени өміріне үлес қосып келеміз. Біз бұл тарихи сәттің бөлшегі болғанымызға ризамыз, – деді Эльдар Мамедов.

Былтыр KAZ Minerals Тобы № 50 заманауи IT-лицейінің құрылысы жобасын жүзеге асырды. Аталған оқу орны елдегі ең озық мектептердің бірі атанып, «Алтын Гефест» конкурсында жылдың үздік әлеуметтік жобасы атағын жеңіп алды.