Абай облысындағы шахтаның опырылуынан зардап шеккен жұмысшы Семейдегі ауруханаға жеткізілді
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысындағы Орлов өндірістік кешенінде болған тау жынысының опырылуы салдарынан зардап шеккен екінші жұмысшы Семейдегі ауруханаға жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғадан кейін ер адам алдымен Бородулиха ауданының медициналық мекемесіне жеткізілген.
- Кейін оны Семейдегі облыстық ауруханаға тасымалдау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, - делінген ақпаратта.
Дәрігерлер ер адамға тиісті медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Еске салсақ, Орлов өндірістік кешенінің шахтасында тау опырылып, үйінді астында екі жұмысшы қалған. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екінші жұмысшы табылып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін медицина қызметкерлеріне тапсырылғаны хабарланған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.