Абай облысындағы «Зеленстрой Семей» ЖШС-ның жұмысшылар алдында 69 млн берешегі бар
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында прокурорлар 200 ден астам жұмысшының құқығын қорғап, мемлекет бюджетіне 300 млн теңге өндірді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.
Семей қаласының прокуратурасы «Зеленстрой Семей» ЖШС еңбек ұжымына жұмыс берушінің 2 жыл бойы 69 млн теңгеге зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды төлемегенін анықтады.
«Кәсіпорын қаржылық жағынан тұрақты болғанына қарамастан, жұмыс беруші өз еркімен берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдамаған. 2022 жылдан бастап осы кәсіпорында 319 млн теңгеге салық берешегі болғаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 200-ден астам жұмысшының құқығы қорғалып, бюджетке 300 млн теңге салық берешегі өндірілді», - делінген хабарламада.