Абай облысындағы жолдардың 70 пайызы биыл жөнделеді
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында 584 шақырым жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп жазды ҚазАвтоЖол.
Сонымен қатар 250 шақырым жол орташа жөндеуден өтуде. Әсіресе жылдар бойы қараусыз қалып, тозығы жеткен тас жолдар ретке келтірілуде.
«ҚазАвтоЖол» мамандары жақында орташа жөндеуден өткен «Өскемен-Семей» бағытының бір бөлігін қолданысқа берді. Бұл жол Абай облысы Шығыс Қазақстаннан бөлінгелі жөнделмей келген. Тәулігіне 6 мыңнан астам көлік қатынайтын республикалық трассадағы жұмыстар келесі жылы да жалғасады.
Ал құрылысы ұзаққа созылып кеткен «Қалбатау-Майқапшағай» күре жолында асфальт төсеу толық аяқталды.
Жолдардың сапасын қоғам белсенділері мен сала мамандары қадағалап отыр. Жыл басынан бері 200-ден астам тексеру жүргізіліп, жол құрылысына пайдаланылған материалдардан мыңға жуық сынама алынған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының директоры Айбек Аманбековтың айтуынша, биыл Көкпектіден Майқапшағайға дейінгі аралық толық қосылды.
- Қазір соңғы қабат төсеу жұмыстары аяқталуда. Келесі жылы 522 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. «Өскемен-Семей» бағыты толықтай орташа жөндеуден өтеді. Бұған қоса, Ресей шекарасына шығатын екі учаске бойынша жұмыстар жүргізу көзделіп отыр, - деді ол.
Айта кетейік, жасанды интеллект жол сапасын бақылайды.