Абай облысының тұрғындары абаттандыру ережелерін 9 мың рет бұзған
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының полицейлері тазалықты сақтамаған тұрғындарды жауапқа тартып жатыр.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері өңір бойынша барлығы 9 320 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның басым бөлігі, яғни 9 мыңға жуығы – елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтамауға байланысты.
Құқық бұзушылықтар аулаларда, көшелерде, қоғамдық орындар мен көпшілік демалатын аумақтарда жүргізілетін рейдтер барысында анықталып жатыр. Олардың бір бөлігі Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы полиция назарына іліккен.
– Тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Қоршаған ортаны ластау және абаттандыру талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке ғана әкеліп қоймай, халықтың өмір сүру сапасына да кері әсер етеді. Сондықтан әр азаматты тазалық сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және белгіленген талаптарды орындауға шақырамыз, – деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, осыған дейін донор тапсырған қаннан инфекция анықталған жағдайда не істеу керектігін жаздық.