Абай облыстық ветеринария басқармасы жұқпалы аурулардың таралуын бақылауға алды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Абай облысының ветеринария басқармасы мен оған бағынысты ветеринариялық қызметтерінің басты міндеттерінің бірі – төрт түлік пен үй жануарларын аса қауіпті аурулар жұқтырудан және таралуынан қорғау, сонымен бірге инфекциялық аурулардан тұрақты эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысының ветеринария басқармасының мәліметтеріне сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысында өңірде бруцеллез ауруының тіркелуі төмендегені байқалады.
«2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл ірі қара малдың бруцеллезі 57,5 пайызға, ал ұсақ малдың аурулары 40,8 пайызға төмендеді. Қазіргі уақытта Абай облысында аса қауіпті ауруларға қарсы ветеринариялық алдын алу іс-шаралары жылдық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ауылдық округтердегі ветеринария пункттерінің көпшілігі күрделі жөндеуді немесе жаңа ғимараттар салуды талап етеді. Осыған байланысты бұл мәселе 2024-2027 жылдарға арналған облыс көлемінде ветеринарияны дамытудың стратегиялық жоспарына енгізілді», - деп хабарлаған болатын Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Биыл Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасына сәйкес, ветеринария саласындағы іс-шараларды уақтылы және сапалы орындау мақсатында қосымша 253 құрал сатып алу жоспарланған.
Абай облысының аумағында бүгінде 137 мал сою нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстың елді мекендерінде 153 мал қорымы бар, оның ішінде 66 типтік және қалған 87-сі қарапайым нысан болып саналады.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 9 қарашадағы бұйрығына сәйкес, жыл басынан бері облыстың ветеринария қызметі саласында еңбек ететін мамандарының жалақысы 50 пайызға өскен болатын.
Абай облысының ветеринария басқармасы жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуына жол бермеу, сонымен бірге Абай облысы аумағында ветеринария-санитария қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тұрақты бақылауына алған.
Айта кетейік, бұған дейін хабарланғанындай Абай облысының ветеринария басқармасы Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнамасының талаптарын орындау мақсатында Абай облысында үй жануарларын есепке алу бойынша мердігер мекемені анықтаған болатын. Мердігер компания тарапынан «TAÑBA» жануарларды есепке алудың ақпараттық жүйесі пайдалануға берілген еді.