Абай облысы аумағындағы өрт пойыздар қозғалысына әсер еткен жоқ – ҚТЖ
22 мамыр күні түс ауа Ресейдің Алтай өлкесінде Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, дала өрті тұтанғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Бұл аумақ Абай облысы Бородулиха ауданы Ауыл елді мекеніне жақын орналасқан. Кейін тілсіз жау «Семей орманы» табиғи резерватына, яғни Қазақстан аумағына қарай өтті.
Сағат 23:07-де Семей қаласынан Ауыл елді мекеніне ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойызы жетті. Пойыз Төтенше жағдайлар департаментінің 20-дан астам өрт сөндіру машинасын сумен қамтамасыз етті. Теміржолшылар 180 тоннадан астам су жеткізді.
«Өрт пойыздар қозғалысына әсер еткен жоқ және теміржол инфрақұрылымы объектілеріне де қауіп төніп тұрған жоқ.
Семей және Семей жол бөлімшесінің Защита станцияларында өрт қауіпті кезеңдегі қауіпсіздік мәселелері бойынша жедел штабтар құрылды», - делінген ҚТЖ мәліметінде.