Абай облысы тұрғындарының сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндігі зор - Алтай Көлгінов

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – «Ауыл аманаты» жобасы аясында Абай облысы тұрғындарының сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндігі зор. Бұл туралы өңіррге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
None


Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов «Ауыл аманаты» жобасының ықтимал қатысушыларымен кездесті. Жоба ел Президенті бекіткен «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатыр.

«Ауыл аманаты» ауқымды бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін игі бастама. Өңірдің аграрлық әлеуетін ескерсек, ауыл тұрғындарының сұранысқа ие өнімдерді өндіріп, өз ісін дамытуға зор мүмкіндігі бар», - деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімінің айтуынша, жобаны жүзеге асыру мақсатында арнайы талдау жүргізілген.


«Президенттің ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға облысымыз дайын. «Ауыл аманатына» дайындық барысында әр ауылдық округ бойынша талдау жүргізіліп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыйтындардың нақты саны, әр отбасының табысы, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қажетті өндіріс түрі анықталды. Шаруаларымыз осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланады деп ойлаймын», - деді Нұрлан Ұранхаев.


Премьер-Министрдің орынбасары облыстағы медициналық және әлеуметтік нысандарды аралады. Соның бірі – Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығы. Орталық радиофармацевтикалық препараттарды өндіруден бастап, радионуклидті диагностика мен терапияға дейінгі толық циклды қамтиды. Бұл – Қазақстандағы алғашқы радионуклидтік терапия бөлімшесі. Радиофармацевтикалық препараттарды қолдану емделушілерге шетелге шықпай-ақ ем алуға мүмкіндік берді. Орталыққа заманауи мамандандырылған технологиялық жабдықтарды орналастыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін жаңа хирургиялық корпус қажет. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс жоспарына енгізілген.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығында болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған орталықта оңалтуды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған.


Облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес Семей және Аягөз қалаларында тағы екі оңалту орталығы, екі емхана, көпсалалы балалар ауруханасы, сондай-ақ «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам оқушыға арналған 11 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.


Сонымен қатар, 2023-2024 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Абай облысында 65 денсаулық сақтау нысанын салу көзделеді.

Вице-премьер күрделі жөндеу мен жаңартуды қажет ететін сол жағалаудағы жедел жәрдем қосалқы стансасына, сонымен қатар М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде болды.


Соңғы жаңалықтар