Абай облысына биыл 80 қандас қоныс аударды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысына жыл басынан бері 80 қандас қоныс аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау белсенді жүруде.
«Абай облысы құрылғалы 2022 жылы 302 адамға қоныс аударуға өңірлік квотасы бекітіліп, ол толығымен орындалды. Осы жылы қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – 434 адам. Бүгінгі таңда 80 қандас және 206 қоныс аударушылар квотаға енген», - делінген ақпаратта.
Ұлттық жоба аясында қандастар және оның әр отбасы мүшесіне мемлекеттік субсидия түрінде бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Нақты айтқанда, көшіп келгенде бірреттік 70 АЕК (241 500 теңге), тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын жабу үшін 15-30 АЕК (51 750-103 500 теңге) беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйді сатып алуға немесе баспана құрылысына 4 млн теңге көлемінде сертификат қарастырылған.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жеке кәсібін бастағысы келетін көпбалалы отбасыларға 70 грант берілетіндігін хабарлаған едік.