Абай облысында 2 жаңа инновациялық мектеп ашылды

None
Фото: Абай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында Білім күнінде 2 жаңа инновациялық мектеп ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа оқу жылынан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын заманауи мектептер ашу туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында Абай облысында екі инновациялық мектеп ашылды. Білім ордаларының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков қатысты.

«Ә.Бөкейхан атындағы университет жанынан ашылған «Alikhan Bokeikhan School» инновациялық мектебінде 7-11 сынып оқушылары білім ала алады. Мектеп оқушыларды IT-индустрияға қадам басуға, ҰБТ/SAT/IELTS емтихандарын сәтті тапсыруға және Қазақстан мен шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсуге дайындайды. Білім ордасы жаратылыстану-математика пәндерін тереңдетіп оқытып, үш тілде сапалы білім береді», - деп хабарлады өңір әкімдігінен.

Білім беру «Abai IT-Valley» IT-хабы негізінде жүргізіледі. Бұл оқушыларға IT-технологияларды тереңірек түсінуге және қолдануға ықпал етеді. Alikhan Bokeikhan Sсhool-де IT-әзірлемелерді дайындау, ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру салалары бойынша практикалық дағдыларды дамытатын үйірмелер мен клубтар жұмыс істейді.

«Сондай-ақ Білім күнінде Шәкәрім атындағы университет жанынан «Shakarim High School» жоғары мектебінің ашылуы өтті. Мектеп тек оқытуға ғана емес, педагогикалық білім беру бағдарламаларына түсуді жоспарлаған дарынды оқушыларды анықтауға және қолдауға бағытталған. Білім ордасында оқыту қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағытта қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жоғары мектепте білім беру жаңартылған білім мазмұны бойынша жүзеге асырылады», - делінген ақпаратта.

«Shakarim High School» мектебінде ағылшын тілін қарқынды оқыту, ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін пәндерді тереңдетіп оқыту және оқушылардың сыни ойлауын дамытуға арналған оқыту технологиялары қолданылады. Бұдан бөлек, оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін үйірмелер де бар.


Соңғы жаңалықтар