Абай облысында 25 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында жұмыссыздықты азайту мақсатында жыл соңына дейін 25 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8% болып отыр. Азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін еңбек делдалдығы, кәсіптік оқыту және жұмыс күшін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу ұсынылады.
«Бұдан бөлек, тұрақты бос жұмыс орны немесе уақытша субсидияланатын жұмыс орындары атты бастамалар қарастырылған. Егер азаматтар қажетті біліктіліктің жоқтығынан немесе мамандығына сәйкес жұмыс таба алмаса, ол кәсіптік оқуға жіберіледі. Субсидияланатын жұмыс орындары 6 түрге бөлінеді. Оның ішінде азаматтардың барлық санаттары үшін қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жас мамандар үшін жастар іс-тәжірибесі, «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», 50 жастан асқан азаматтар үшін «Күміс жас» жобалары көзделген», - делінген ақпаратта.
Биыл Абай облысында 24 926 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған бола, бүгінде оның 13 303-і ашылды.
«35 жасқа дейінгі жастарға немесе жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге өтеусіз гранттар және шағын несиелер беру қарастырылған. Сонымен қатар, аймақта Еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Оның міндеті - мансап орталықтарының жұмысын үйлестіру, қала, аудандар деңгейінде халықты жұмыспен қамту және ішкі көші-қон мәселелерін реттеу», - делінген хабарламада.