Абай облысында 420 адам шетелдік көлігін заңдастырып, жаңа нөмір алды
Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, біржолғы заңдастыру басталғалы бері өңір бойынша 3031 өтінім беріліп, оның 968-і мақұлданған.
«Барлығы 420 азамат шетелдік көлігін заңдастырып, қазақстандық техникалық құжат пен мемлекеттік нөмір алды. Әлі де өтініш беріп жатқандар көп. Оның әрқайсысы мұқият қаралуда. Шетелдік көліктерді заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады», - делінген ақпаратта.
Көлігін заңдастырғысы келгендерге өтінім берудің бірнеше тәсілі бар.
Атап айтқанда:
- Электронды үкімет порталы арқылы (еGov.kz);
- Екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы;
- ХҚКО-ларға барып өтінім беру арқылы.
Ереже бойынша автокөлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінуі тиіс.
Сондай-ақ қылмыстық есепте тұрмауы керек, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет.