Абай облысында Айтыс орталығы салынбақ

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында Айтыс орталығы салынады. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев айтыскер ақындарды қабылдау кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

15-17 тамыз аралығында Алматы қаласында «Хабар» телеарнасының эфирінде «Асыл домбыра» телевизиялық жобасы өтеді. Сайысқа Абай облысының атынан бір топ ақын қатысады. Осы орайда, бүгін облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев айтыскер ақындарды қабылдады.

Жиын барысында өңір әкімі Семей қаласында Айтыс орталығын салу мәселесі кешенді жоспарға енгізілгенін, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.

Н.Ұранхаев сайысқа қатысушы ақындарға сәттілік тілеп, «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер және спорт фестивалінің «Асыл домбыра - 2023» сайысында топ жарған айтыскер ақын Айбек Жеңісқазинді жеңісімен құттықтады.

Абай өңірін айтыс өнерінің алтын бесігі деуге болады. Бұл өлкеден небір ақындар шыққан. Бүгінгі күні айтыс ұлттық құндылыққа айналып отыр.

«Құрметті ақындар, біздің өңірімізді айтыс өнерінің алтын бесігі деуге болады. Ұлттық өнерді қай заманда болмасын өлтірмеген, керісінше жаңаша дамуына серпін берген ақындар көптеп шыққан. Бүгінгі беткеұстар ақындарымыз, облысымыздың намысын қорғап жүрген – өздеріңіз. «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетілетін «Асыл домбыра» телевизиялық жобасына Абай облысынан қатысатын сіздерге сәттілік тілеймін! Жеңіспен оралыңыздар!», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.


Соңғы жаңалықтар