Абай облысында биыл 66 көпқабатты үй бой көтермек
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында осы жылы 66 көпқабатты үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде.
«Баспанаға мұқтаж азаматтары тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет алдындағы басты міндет. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Абай облысында 3352 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 66 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жалпы аймақ бойынша 343,1 мың шаршы метр үй қолданысқа беріледі», - делінген ақпаратта.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 130,1 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл ретте құрылыс көлемінің өсуі 2022 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 130%-ды құрады.
«Сонымен қатар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 576 жалға берілетін пәтер сатып алу көзделуде. Оның ішінде 72 пәтер қазірдің өзінде пайдалануға беріліп қойды», - делінген хабарламада.

