Абай облысында құрылыс қарқын алады

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Жаңадан құрылған Абай облысында биылға жоспар көп. Соның бірқатары құрылыс саласында көзделген. Семейде 150 орындық оңалту орталығы, ал Үржар ауданында дәрігерлік амбулатория бой көтермек. Өңір халқын толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз ету де жоспардағы мәселе. 2025 жылға дейін 93 жоба жүзеге асырылады. Толығырақ тілші материалынан оқыңыз.

«25 жыл ішінде Семейде тұрғын үй құрылысы тұралап қалғаны рас. Осыған орай, алдағы үш жылда 1 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», - делінген облыс әкімдігі ұсынған ақпаратта.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылға кредиттік тұрғын үй құрылысы мен оларға инженерлік желілерді салу, сумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу көзделген.

Семейдегі екі көпірді жөндеу міндеті тұр. Үш жылда бітіру тапсырылған жаңа көпірдің құрылысы биыл басталып кетті. Автокөлік көпірін реконструкциялауды жалғастыруға республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.

«Мемлекет басшысы аспалы көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Биыл көпірге жапондық мамандар зерттеу жүргізген. Енді Жапонияның Көлік министрлігімен екіжақты келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр. Содан соң есептеулер және зерттеу нәтижелері ұсынылады», - дейді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Әкімнің айтуынша, Семейдегі балаларды арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту мәселесі Қарағайлы шағын ауданында 150 орындық оңалту орталығын салу арқылы шешілмек. Бұл орталық қала тұрғындарына ғана емес, түгел облыс халқына қызмет көрсетеді.

«Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 4 есеге ұлғайтылады. Семей қаласында тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған 150 орындық 2 оңалту орталығын салу жоспарда бар», - дейді аймақ басшысы.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендерді дамыту үшін Үржар ауданының Үржар ауылында 10 төсектік күндізгі стационар мен 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Үржар ауданының Таскескен ауылында, Абай ауданының Көкбай ауылында спорт модульдері салынады. Кентішілік жолдарды орташа жөндеуге қатысты 33 жоба қолға алынып, 3 медициналық нысан, 4 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өткізіледі», - дейді Нұрлан Ұранхаев.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 орта білім беретін мектептің құрылысын бастауға 9,2 млрд теңге қарастырылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде елді мекендерде 65 бастапқы-медициналық-санитарлық көмек объектілерін салуға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленбек.

Сондай-ақ, Семейде жаңа жылу электр орталығы салынбақ. Ертістің сол жағалауы мен оң жағалауындағы екі учаске бұған дейін екі жылу көзін салу алаңы болып белгіленген. Алайда, ЖЭО-ны орналастыру туралы түпкілікті шешім «Самұрық-Энерго» АҚ тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу барысында қабылданады.

Айта кетсек, аймақты ауыз сумен қамту бағытында жоспарланып отырған бірқатар жоба бар.

«Бүгінде өңір бойынша халықтың таза сумен қамтамасыз етілуі – 92,5%. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін 2023-2025 жылдары 52 мың адамды қамтитын 93 жоба іске асырылмақ, оның 56-сы Семей қаласына тиесілі», - делінген әкімдік хабарламасында.

«2022 жылдың 11 айында облыс экономикасына 5,5% өсіммен 329 млрд теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына қарай инвестиция көлемі артып, оның ішінде Семей қаласының үлесі 44,5% болды. 981 жаңа жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Өңдеу өнеркәсібінде 885 жұмыс орнын құрумен 4 жоба жүзеге асырылып келеді. Оның үшеуі Семей қаласында. Биылғы жылдың І тоқсанында «Өндіріс» индустриялық аймағында қуаттылығы жылына 600 тонна болатын жартылай ет фабрикаттарын өндіру цехын іске қосу жоспарланып отыр», - делінген облыс әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Сонымен бірге, 2023 жылы жұмыртқа өндіретін «Semey Qus» фабрикасын кеңейту, 200 малға арналған сүт-тауар фермасын қайта жаңғырту көзделген.

Бұған дейін Абай облысында мектеп тапшылығынан балалар қысылып оқуға мәжбүр екендігін жазған болатынбыз.

Семей қаласында да оқушылар жаңа мектептерге зәру. Тіпті шаһардағы алдыңғы қатардағы білім ордаларының бірі саналатын №6 мектеп гимназияда балалар сыймай жатыр. Нақты айтқанда, 912 орынға шақталған мектепте 1843 оқушы білім алуда.

«Негізінен бұл ғимарат балет мектебі ретінде 1984 жылы бой көтерген. 1988 жылы біздің мектеп осында көшіп келді. Себебі оған дейінгі нысан апаттық жағдайда деп танылды. 2010 жылы білім ордасына ғимназия статусы берілген. Қайым Мұхамедханов көшесінде орналасқан мектебімізге оқушылар қаланың түкпір-түкпірінен келіп оқиды. Сол үшін балалар сыймай жатыр. Кабинеттердің іші тым тар. Ғимарат алғаш мектеп ретінде салынбағандықтан аядай бөлмелерде екі ғана терезе бар», - деген еді білім ордасының директоры Майра Ахметова.

Төрт қабатты мектептің жалпы ауданы - 1612 шаршы метр. Пәндік кабинеттер саны - 69. Мұнда барлығы 150 адам қызмет етсе, оның ішінде 126-ы - мұғалім.

«Биыл бірінші сыныпқа 150 оқушының орнына 283 бала қабылданған. Гимназия болған соң осында білім алуға құлшыныс танытатындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бізде білім сапасы өте жоғары. Жаңа облыс құрылғаннан кейін қалаға жан-жақтан түрлі мамандар көшіп келуде. Олар да балаларын мектебімізге беруге ниет білдіруде. Сондықтан бізге жаңа мектеп салынса деген тілегіміз бар», - деді М.Ахметова.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін 11 мектеп салынады.

«Ол 5 мыңнан аса оқушыны қамтиды. Қосымша 4 мың орынға оқу ғимаратын саламыз. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр» делінген хабарламада.

Сонымен қатар биыл Семей қаласында жалпы ұзындығы 55 шақырым көлік жолын орташа жөндеуден өткізу көзделген.

Қала шетіндегі 4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы да күрделі жөндеуден өтеді.

«Биыл көшелерді кеңейту бойынша 4 жоба әзірленуде. Оның ішінде Қаржаубайұлы көшесін Жангелдин көшесінен Энергетик кентіндегі бұрылысқа дейін, Шугаев көшесін Құтжанов көшесінен Қабылбаев көшесіне дейін, Шәкәрім даңғылын Дулатов көшесінен Жамақаев көшесіне дейін және Құтжанов көшесін Шугаев көшесінен Гагарин көшесіне дейін кеңейту жоспарланып отыр», - делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.

Қалаға қарайтын ауылдардың да жолы жөнделмек. 2023 жылы 5 ауылда жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Көкентау ауылдық округінің кентішілік жолдары орташа жөндеуден өтеді.

Соңғы жаңалықтар