Абай облысында малға жем-шөп дайындау жұмысының қарқыны қандай

None
Абай облысында төрт түлікке дәнді дақылдың 143,8 мың гектар алқабы жиналып, 48,8 мың тонна пішен дайындалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде күзгі дала жұмыстарына және 2023-2024 жылдардағы мал қыстауына жем-шөп дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Абай облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінде 143,8 мың гектар дәнді дақылды, 2,01 мың гектар көкөніс пен бақша дақылын, 2,2 мың гектар картоп жинау жұмыстары сәтті аяқталған.

Шілде-тамыз айларындағы тапсырыс кезінде егін жинау науқанына 6 139 мың тонна дизель отыны сатып алынды. Мал азығын сатып алу жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Қазір 854,2 мың тонна шөп, 40,3 мың тонна пішен, 9,1 мың тонна сүрлем, 32,5 мың тонна сабан, 8,2 мың тонна құнарлы жем дайын.

«Аудандардың ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтарына қыс мезгіліне 1153,1 мың тонна шөп, 48,8 мың тонна пішендеме, 59,3 мың тонна сүрлем, 85,1 мың тонна сабан, 117,8 мың тонна құнарлы жем дайындау қажет. Өңірдегі егін жинау науқаны бақылауда», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, биыл еліміздегі бірқатар өңірде шаруагерлердің қуаңшылықтан зардап шегіп отырғаны хабарланған.

Оның ішінде Шығыс Қазақстанда шаруа қожалық иелері жем-шөптің құны айтарлықтай қымбаттап кеткеніне шағымданған.


Соңғы жаңалықтар