Абай облысында өрттен зардап шеккендерге қаражат жинау аяқталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Абай облысында орман өртінен қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаражат жинау аяқталғанын мәлім етті. Бұл туралы өңір әкімдігінің Telegram-каналында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті қазақстандықтар! «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Абай облысының Бородулиха ауданындағы орман өрті салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаражат жинау және гуманитарлық көмек көрсету үшін қол ұшын созған еліміздің барлық тұрғынына үлкен алғысын білдіреді.
Барлық қазақстандықтардың бірігуінің арқасында бірнеше күн ішінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлық отбасыларына жан-жақты көмек көрсету үшін жеткілікті қаражат жиналды.
Сондықтан, алаяқтардың қандай да бір алыпсатарлық әрекеттерін болдырмау үшін «Ақ Ертіс» қоғамдық қорының жоғарыда аталған мақсаттарға қаражат жинауы аяқталғаны туралы хабарлаймыз.
Жиналған қаражатты бөлу кезінде объективтілік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін тиісті уәкілетті комиссиялармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қор көмек көрсетуде бірыңғай тәсілді әзірлейтін болады», - делінген мәліметте.
Бірнеше күн бұрын Абай облысы әкімдігінің ресми сайтында «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры қайырымдылыққа қаражат жинауды бастағанын жариялаған болатын.
Бұған дейін Семей орманындағы өрттен қаза болған 14 орманшының отбасыларына қандай қолдау шаралары көрсетілетінін жазған едік.
Табиғи резерватта жалын 8 маусым күні тұтанды. Оттың таралуы тоқтатылды, алайда толығымен өшіру жұмыстары жалғасып отыр.