Абай облысында шомылуға болатын 10 учаске белгіленді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында суға түсуге болатын 10 учаске белгіленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Дәурен Ағажаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«2022 жылы аймақтағы су айдындарына 20 адам суға батып кетті. Оның төртеуі – бала. Ең көп өлім-жітім Ертіс өзенінде (12 адам), қалғаны табиғи су қоймаларында (Шүлбі су қоймасы – 2 адам, Шар өзені – 1 адам, Алакөл – 4 адам, Арасан көлі – 1 адам) тіркелді. Адамдар мас күйде, рұқсат етілмеген жерлерде суға түсетіндіктен, шомылуды білмегендіктен осындай қайғылы жағдайға душар болады», - дейді Дәурен Ағажаев.

Департамент оқыс оқиғалардың алдын алу үшін биыл өңірде суға түсуге болатын 10 учаскені дайындады. 20 учаскеде суға түсуге тыйым салынған. Бұл аймақтарда волонтерлер мен полиция қызметкерлері рейд жүргізеді. «Суға түсу маусымы басталмас бұрын жағажайлардың тереңдігіне шолу жасау, арнайы қалқымалар, ескерту белгілерін, үгіт-насихат стендтерін қою, сондай-ақ құтқарушыларды оқыту жоспарлануда. Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың әкімдіктері 4 коммуналдық жағажай салуды жоспарлап отыр. Қазір өңірде тек Алакөлде ғана коммуналдық жағажай бар. Биыл Семейде «Заря» және Пристань аудандарында, Курчатовта «Маяк» қонақүйінің маңында және келесі жылы Көкпекті ауданында коммуналдық жағажай ашу ойда бар», - дейді басқарма басшысы.

Фото Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен


Соңғы жаңалықтар